GN News | GNEXT

GN News

Қазақстанда “Елбасы медалі” ұлттық жобасы басталды

2020-06-05, 15:48

Достар, Қазақстанда “Елбасы медалі” ұлттық жобасы басталды. Тұңғыш Президент қорының мәліметінше, «Елбасы Медалі» бағдарламасы интеллект, көшбасшылық, жауапкершілік, өзін-өзі басқару, бейімделу жылдамдығы, әдептілік - жастардың осындай қасиеттерін арттыруға бағытталған.

Бағдарламаның негізгі символы - жетістіктің 7 жебесіне баланған. Ол - жасөспірімдердің қабілетін дамытуға, жас қазақстандықтардың рухын биік ұстауға, жаңа ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған 7 бағыт. Бұл - спорт, дарындылық пен дағдыны дамыту, кітап оқу, волонтерлік, ұлттық мұра, туристік және жұмыс тәжірибесі. Мәселен спорт болса, оның түрін қатысушы өзі таңдайды.

Бағдарлама 14 пен 29 жас аралығындағы балалар мен жастарға арналған. Ол  үш деңгейде болады: қола, күміс және алтын. Қола 14 жастан бастап, күміс 15 жастан, алтын 16 жастан бастап қатысушыларға белгіленетін болады. Әр деңгейде қатысушылардың сабақ ұзақтығы мен жиілігіне қойылатын талаптар ұсынылған. Қола деңгейге жету үшін 6 ай, күміске 12 ай және алтынға 18 ай қажет.

Қатысушылар өздерінің жетістіктерін бағалайтын тәлімгерлермен араласады. Бағдарламаның негізгі міндет - 7 бағыт бойынша мақсат қойып, оларға жүйелі түрде қол жеткізу.

Бағдарламаға қатысу арқылы жастар өз уақыттарын басқаруды, алдына мақсат қоюды және оларға жүйелі түрде қол жеткізуді үйренеді; салауатты өмір салтын ұстанатын болады және өзін-өзі үнемі дамытады.

Көрсетілген нәтижелер негізінде бағдарлама қатысушылары алтын, күміс және қола медальдермен марапатталады.

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіп бойынша, егер жинаған баллы өзгелермен тең болған жағдайда, «Елбасы медалінің» иегерлері білім грантын алуға,  сонымен қатар жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алып жатқандардың құрамына енуге құқылы.

Бағдарламаға қатысу үшін me.fpp.kz сайтында тіркелу керек. ⠀

Қосымша ақпарат алу үшін 7170 сall-орталығына хабарласыңыздар. Сәттілік!