Біз Жастар жылы, оның қалай жүзеге асқандығы және жастар мәселесі жөніндегі елордалық көшбасшылармен сұхбаттар легін жалғастырамыз. Бүгін "Қазақстан Студенттер альянсы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ілияс Түстікбаевпен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.
Алдымен Қазақстан Студенттер альянсының тарихына тоқталып өтсек. Бұл ұйым қашан, қандай мақсатта құрылды?
Қазақстан Студенттер альянсы – еліміздегі студенттердің ең үлкен үкіметтік емес ұйымы. Ол 2005 жылы белсенді студенттердің бастамасымен Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Тараз қаласында құрылды. Оның басты мақсаты – студенттер мен үкімет арасындағы көпір болу, олардың мәселелерін қарастыру, құқықтарын қорғау және студенттерге арналған жобаларды жүзеге асыру. Олардың ішінде 2005 жылдан іске асып келе жатқан жатақхана мәселесіне байланысты «Қалай тұрып жатырсың, студент?», жемқорлыққа қарсы «Таза сессия», жазғы, қысқы лагерьлер, «Жыл студенті» жобалары бар. Сонымен қатар биыл Жастар жылы мен альянстың 15-ші жиыны аясында ұйымның бірнеше бағыттарын өзгерттік. Өйткені осы жылдар арасында біз тек әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер бойынша жұмыстар атқарып келдік. Ал биылдан бастап біз білім саласына да бет бұрып жатырмыз. Оған дәлел ретінде Республикамызда 2018 жылы аккредиттеу мен рейтингтің тәуелсіз агенттігі құрылды. Аталған агенттік еліміздегі білім беру ұйымдарын аккредитациядан өткізеді. Одан өткен білім беру мекемелері алдағы 3-5 жыл аралығында студенттерді оқытуға сертификат алады. Біз сол агенттікпен келісім-шартқа отырып, біздің белсенді студенттер комиссия құрамында тәуелсіз бақылаушы болып, білім сапасының артуына септіктерін тигізіп жатыр. 2018 жылдан бері біздің студенттер альянс атынан аккредитация кеңесіне мүше болып, жұмыс істеуде.
Альянс жұмыс істеп келе жатқан 15 жылда біздің құрылымымыз бірнеше рет ауысқан. Алғашында барлық колледждер мен университеттерде біздің ұйым жұмыс істеп тұрды. Бірақ қайбір жылдары альянс белсенділігі төмендеп кетіп, оқу орындарында жастар ісі жөніндегі комитеттер құрыла бастады. Мен біздің ұйымға 2017 жылы келген уақытта білім ордаларында альянстың штабы бөлек, Жастар ісі жөніндегі комитет бөлек және Жас Отан өз алдына бөлек жұмыс істеп жатты. Бірақ барлығының бағыты, мақсаты – бірдей. Қазір біздің альянстың филиалдары 14 облыс, 3 маңызы бар қаланың оқу орындарында бар. Мен тек солардың көшбасшыларын тағайындаймын, содан кейін олар облыс бойынша өздері жұмыс істей береді. Бірақ мен былтырдан бері ол штабтардың барлығын жауып, колледж, университеттердегі Жастар ісі жөніндегі комитетпен Студенттер альянсы бірігуі керек деген ұсыныс айтып келемін. Ал Жастар ісі жөніндегі комитет оқу орнындағы Жас Отан секілді барлық ұйымдарды басқаруы керек. Осы бойынша мен Жастар жылында 12-13 облысты аралып, студент жастармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіздім. Және ол әлі жалғасуда.
Яғни республикалық студенттер альянсы студенттердің мәселелерін шешумен, оны жоғарыға жеткізумен айналысады деп айтуға болады. Ал ұйымның бақылауы бойынша елдегі студенттердің басты мәселелері қандай? Білім жүйесі мен студенттерге жасалып жатқан жағдайларға көңіліңіз тола ма?
Білім жүйесі – үкімет немесе жоғары жақтың жасай салатын нәрсесі емес, ол студенттердің айналасында құрылуы керек жүйе. Білім не үшін керек? Студенттің сапалы маман болуы үшін, мемлекетке пайдасын тигізер азамат боп қалыптасуы үшін қажет. Бұған тек мемлекет пен білім ордаларының басшылары жауапты емес, бұл білім алушының жауапкершілігіне де тікелей байланысты. Біз қанша кредиттік жүйеге көшіп, еуропалық стандарттарға ұмтылсақ та, студенттер өздері атсалыспай, білім сапасының артуы екіталай. Екінші, студенттердің тұратын жерге байланысты мәселесіне қатысты біз жоғарыда атап өткен «Қалай тұрып жатсырсың, студент?» жобасын биылдан бастап біз «Студенттер үйі 2.0» деп өзгертіп қайта қолға алып жатырмыз. Себебі, былтыр Елбасы өзінің тапсырмасында 2022 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана қолданысқа берілсін деген болатын. Біз соны негізге ала отырып өзіміздің жобамызды іске қосып жатырмыз. Бұл жерде 2 бағыт: біріншісі, қазір қолданыста бар жатақханаларды жылына екі-үш рет тексеріп тұру. Олардың санитарлық нормаларға, мемлекеттік стандарттарға сай болуын, басқа да тұрмыстық проблемалардың болмауын қадағалып, болған жағдайда құзіреттіі органдарға хабарлап отырамыз. Бұл жерде тек біз емес, жергілікті әкімдіктер, қоғам өкілдері, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы агенттіктермен бірігіп мониторинг жасаймыз. Екінші бағытымыз қолданысқа енді берілетін жаңа жатақханаларға байланысты. Бұл бағытпен Білім және Ғылым министрлігі жанындағы «Қаржы орталығы» АҚ оператор ретінде жұмыс істейді. Олар жаңа студенттер үйін салу үшін ақша бөледі. Ал біз олардың жағдайын қадағалап отырамыз.
Жастар арасындағы тағы бір мәселе – бос уақытты тиімді пайдалана алмау. Көп өңірлерге барған кезде студенттердің айтатын шағымдары – олар тұратын қалада немесе ауылда жастар жиналатын коворкингтер, жастар орталықтары жоқ. Кейбір жерлерде ЖОО студенттерімен ғана жұмыс жасалып, колледждің студенттерін көп шараларға қатыстырмайтын жағдайлар да кездеседі екен. Сонымен қатар, колледж студенттерінің шәкіртақыларының аздығы да қиындықтар туындатады.
Сондай-ақ жастардың өзіне ұнамайтын мамандықтарды таңдап алып, амалсыздан оқып жүруі де – назар аударарлық мәселе.
Жемқорлыққа қатысты Жемқорлыққа қарсы агенттіктің жанында «Адалдық алаңы» платфорасы құрылды. Біздің 17 өңірдегі өкілдеріміз осы платформаның мүшесі боп табылады. Бұрынғы «Таза сессия» деген жобамызда біз сессия уақыттарында білім ордаларына барып емтихандар ашық өтіп жатырғандығын, жемқорлық фактілерінің жоқтығын тексеріп тұратынбыз. Ал қазіргі «Адалдық алаңы» бойынша біз студенттің оқуға түсуі мен бітіріп кеткенге дейінгі барлық уақытты қамтимыз. Ұлттық бірыңғай тест кезінде, документ қабылдау қарсаңында, оқу барысында, диплом жазу бойынша ақша беру немесе ақша талап ету фактілері кездесіп жатады. Қазір кей оқу орындары жұмысқа орналасқаны туралы анықтама әкелмесе, түлекке диплом бермейтін жағдайлар да кездеседі. Бұндай білім ордалары үкіметті, елді жалған ақпаратпен алдап отыр деген сөз, мұндай мәселелерге көз жұма қарауға болмайды. Осындай келеңсіз жағдайлар орын алмас үшін, жатақханаға орналасу кезіндегі ашықтықты қадағалау үшін агенттікпен бірігіп жұмыс жоспарларын дайындап жатырмыз.
Осы кезге дейін аталған фактілермен ұсталған оқу орындары мен студенттер бар ма? Нақты мысалдар келтіріп өтсеңіз...
Жемқорлыққа қарсы әзір ондай жағдайлар кездескен жоқ. Біздің жоба биыл ғана қолға алынған соң әлі ондай нақты мысалдар келтіре алмаймын. Бірақ бұрынғы «Таза сессия» жұмысының арқасында Тараз қаласындағы бір университеттің ректоры қызметтен кетіп, Көкшетауда бір оқытушы келісім бойынша өз еркімен жұмыстан шыққан жағдайлары кездеседі.
Біз барлық нәрсені сотқа беріп, жазалаймыз деп айта алмаймын. Мысалы диплом, диссертация жазғанда өзінің емес, өзгенің еңбегін пайдаланатын студенттер кездессе, бұл турал Білім және Ғылым министрлігіне хабарлап, олардың сатып алған жұмыстарын оқу орны қабылдаматындай жағдай жасаймыз. Себебі сатып алынған ғылыми жұмыстар студенттің білім деңгейін көрсете алмайды.
Біздегі бір мәселе – студенттердің қорқынышы. Олар көп жағдайда оқытушы ақша талап етсе де құзырлы органдарға шағым жасамайды. Осыған байланысты бізде «StudUnion» деген телеграм каналы, studunion.kz сайты жұмыс істейді. Бұл платформаларда студент кез келген мәселеге байланысты ашық немесе анонимді түрде шағым жасап, жемқорлық фактілерін хабарлауына болады.
Сондай-ақ біздің жұмысымызда студенттер мұғалімге жала жапқан фактілер орын алып жатады. Сондықтан біз сыбайлас жемқорлықпен күресте нақты дәлелдердің болуына назар аударамыз.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев Жастар жылы деп атаған жылдың да бітуіне аз қалды. Қалай ойлайсыз осы жылды неге Жастар жылы деп белгіледі? Атаулы жыл аясында Қазақстан студенттер альянсы қандай іс-шаралар өткізді?
Көпшілік Жастар жылы деп жариялаған соң үкімет оларға бірдеңе беруі керек деп ойлайды. Менің ойымша, Жастар жылы тек жастарға мүмкіндік беріледі. Және ол бір жылдан кейін тоқтап қалмайды, әрі қарай жаңа бастамалардың, жаңа жобаларың бастауы болып жалғаса бермек. Мысалы биыл бірнеше жақсы жобалар іске асып жатыр. Соның ішінде, биыл жас мамандарға берілетін пәтер. Астанада 1050, Алматы қаласында 1050 және Шымкентте 900 пәтердің кілті жас мамандарға табысталмақ. Студенттерге арналған «Студенттік кредит» деген жоба іске асып жатыр. Сондай-ақ Елбасымыз белсенді студенттердің шәкіртақысын 30 пайызға арттыруға тапсырма берді. Бұл тек мемлекеттік грантта оқитын студенттерге қатысты емес, мұнда шәкіртақы төленбейтін білім алушыларға да мүмкіндік қарастырылған. Белсенділерді білім орындарының әкімшілігі ұсынатын болады.
Біз бірнеше жақсы-жақсы жобаларды биылдан бастап қолға алып жатырмыз. Бізге әрқашан қолдау көрсететін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Білім және Ғылым министрлігі.
Студенттердің көп мәселелері мектеп кезінен-ақ пайда болады. Оқушы кезде дұрыс бағытын таңдап, өзінің мамандығын таба алмағандықтан туындап жатады. Сол үшін биыл біз Ұлттық тестілеу орталығымен меморондумға отырған болатынбыз. Сондай-ақ осы жылы мен өзім Білім және Ғылым министрлігінің бакалавр, магистратура және доктаратураға грант бөлу мәселесі бойынша мемлекеттік комиссиясында болдым. Біздің альянстың ұсынымен барлық КТА, ҰБТ секілді тесттерде біздің студенттер бақылаушы боп қызмет атқаратын болады.
Біздің студенттік ұйым осы жылды өз ішімізде «Жастардың өзін-өзі басқару органдар жүйесін дамыту» деп атадық. Оның ішінде алдыңғы жауаптарда айтқан жұмыстардың барлығы кірді. Келесі айда Жастар ісі жөніндегі комитеттің I жиыны және Қазақстан Студенттер альянсының XVI жиыны өтпек. 17 өңірде облыстық Жастар ісі жөніндегі комитеттің кеңесін құру, оларды жаңарту, қысқы-жазғы лагерь, Спартакиада, семинар-тренингтер өткізу – осының барлығы Жастар жылы аясында жүзеге асып жатыр.
Альянстың алдағы жылға қандай жоспарлары бар?
Алдағы уақытта альянс тұрақты түрде өзінің жобаларын іске асыратын болады. Келесі жыл - Еріктілер жылына орай, белсенді студенттер – волонтерлар корпусын құрсақ деп жоспарлап отырмыз. Олардың қоғамдағы статусын көтергіміз келеді, себебі, бізде еріктілерге деген көзқарас әлі нақты қалыптаспаған. Олардың еңбектері еленіп, істеген еріктілік жұмыстары болашақта өздеріне пайдасы тиетіндей, оларды жұмысқа қабылдағанда волонтерлік істері бонус болатындай етуді қолға аламыз. Осыған байланысты әр түрлі ұсыныстар мен жобалар әзірлеп жатырмыз.
Студенттерге берер басты кеңесіңіз?
Барлық студенттерге айтарым, білімді болыңыздар. Қоғамдық жұмыс, белсенділік ол қосымша болуы керек. Ең бастысы, біз білімді, бәсекеге қабілетті болуымыз керек, болашақта еліміздің тұтқасын ұстайтын көшбасшы азамат болуға талпынуымыз керек. Өздеріңіздің арман-мақсатыңызға жету жолында еңбек етуден талмаңыздар.
Білгеніңізбен бөлісіп, сұхбат бергеніңізге рақмет. Алдағы жобаларыңызға gnext.kz сайты ұжымы атынан сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан: Нұржауған Мұқанова