«NurOtan» партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева өз сөзінде 10 өңірдің әкімі жанұя мен балалықты қорғаудың тәжірибелік шараларын қарастырған жол карталарына қол қойып, оны жүзеге асыруға кіріскенін хабарлады.
Жол картасында не көзделген?
Жол картасында отбасыларды қолдауға көп көңіл бөлінді, өйткені баланың жағдайы отбасының әл-ауқатына, оған уақытында көрсетілген қолдауға тікелей байланысты.
Мәселен, әрбір өңірдің жол картасында қолданыстағы инфрақұрылым негізінде психологтарды, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлерді тарта отырып, жанұяны қолдау жөніндегі орталықтардың, бөлімдердің тұтас желісін құру, білім беру, медициналық мекемелерде, жастардың ресурстық орталықтары базасында саналы ата-ана болу бойынша курстар ашу көзделген. Отбасылық қолайсыздық көздеріне, яғни ойын, нашақорлық, маскүнемдік сияқты әртүрлі тәуелділіктерге баса назар аударылды.
Статистика көрсеткендей, зорлық-зомбылық құрбандары болған балалардың 60%-дан астамы тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларда тәрбиеленген, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 80%-ы – ата-аналары бар әлеуметтік жетімдер. Сондықтан, жол картасына емдеу тиімділігін арттыру үшін психокоррекция бойынша медициналық-психологиялық қызметтерді ұйымдастыру шаралары енгізілді.
Әрбір жол картасында 70-тен астам шара және тұтас бөлім қаржылық жағдайды жақсартуға арналған. Мысалы, АДЖК-мен бірлескен "Жәрдем" бағдарламасы кішкентай балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерді оқытуды ұйымдастырады. Бұл оқу балаларды үйде қараусыз қалдырмау және өз ісін дамыту үшін қолайлы жұмыс кестесі бар, үйде отырып ақша табуға мүмкіндік беретін, мысалыға тігіншілік, аспаздық ісіне және басқа да кәсіптерге үйретеді.
Көптеген ата-ананы балабақшалардың қол жетімсіздігі алаңдатады, сондықтан да балабақшаларға тегін бару және жағдайы жоқ отбасының балаларына арналған шағын орталықтар ашуды ұйымдастыру – картаның маңызды бағыты.
Соңғы уақытта балалар қауіпті инфрақұрылым салдарынан – люктер мен жарықтандырылмаған аулалардан зардап шеккен резонанстық жағдайлар кездесуде. Өңірлерге барған кезде, біз ауылдық және қала маңындағы мектептерде жалпы пайдалану үшін қауіпті және санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкес келмейтін аулалық дәретханалар бар екенін байқадық. Осыны негізге ала отырып, біз балаларға қауіпсіз орта құруға баса назар аудардық.
Сондықтан барлық өңірлерде люктерді тексеру, аулаларды жарықтандыру және жайластыру, қозғалыс қауіпсіздігі, ауладағы дәретханаларды жою, балалар мекемелеріндегі терезелерге блокираторлар орнатуға бағытталған «Балаларға арналған қауіпсіз және жайлы инфрақұрылым» бағдарламасын іске қосу басталады.
Сондай-ақ, Жол картасына сәйкес өңір аумағын дамыту жоспарына ЮНИСЕФ-тің «Балаға мейірімді қала» бағдарламасының параметрлері мен талаптары енгізіледі.
Құқықтық статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2018 жылы балаларға қатысты 2125 қылмыс жасалған. Жалпы алғанда, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық негізінен отбасында жасалады және оны анықтау – ең қиыны. Статистика әрқашан істің нақты жағдайын көрсете бермейді, себебі мұндай қылмыстардың ашылмай қалу мүмкіндігі өте жоғары. Сондықтан балаларға көмек көрсету құралдарын беру өте маңызды, олар қашан және қайда дер кезінде хабарласа алатынын білуі керек. Осындай ең пәрменді құралдардың бірі – сенім телефоны.
Барлық мектептерге 111 нөмірі туралы ақпарат беретін плакаттар таратылуда.
Сенім телефоны туралы ақпарат кеңірек тарала бастағандықтан қазірдің өзінде зорлық-зомбылық бойынша қоңыраулар саны 5 есеге, суицид бойынша 2 есеге өсті. Мұндай жағдайлар туралы ертерек белгілі болған сайын, оларды уақтылы анықтау және әрекет ету мүмкіндігі артады.
Учаскелік қызметтердің, учаскелік инспекторлардың, дәрігерлер мен мектеп психологтарының үйлестірілуі үлкен рөл атқаратынын ерекше атап өткім келеді. Олар барлық жағдайлар туралы құзыретті органдарға хабарлауы және ең бастысы, уақтылы қабылданған шараларды қадағалауы тиіс. Сондықтан әрбір өңірде зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық кешенді бағдарламаны енгізу көзделген. Заң қазір балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың белгілі фактілері туралы хабарламағаны үшін жауапкершілікті қарастырады.
Жол картасындағы тұтас блок өңірлерде ведомствоаралық кешенді бағдарламаны қарастыратын суицид мәселелеріне арналған. Біз сондай-ақ осы мәселе бойынша Кеңестің тобында жұмыс істейміз. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалануы және қосымша біліммен қамтамасыз етілуі – өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу шарасы. Сондықтан жол картасы әр ауданда аула клубтарын, ресурстық және бос уақыт орталықтары мен кітапханалар базасында балаларға арналған тегін үйірмелерді ашуды, тегін үйірмелерге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін қала сыртында тұратын балаларға арналған көлікті ұйымдастыруды, сондай-ақ бассейн мен спорттық клубтарға бару сертификаттарын қарастырады. «Greental»-мен бірлесе отырып, тұрмысы төмен отбасылардың балаларын ұсталық, слесарлық шеберлікке үйрету үшін әлеуметтік шеберханалар ашу ұйымдастырылады. Баланың өмір қызық, өзіндік хоббиі бар және артық нәрсе ойлауға уақыты жоқ болса, суицид пен баланың қылмыстық әрекеттерге қатысу қаупі төмендейді. Сондай-ақ, жол картасымен жастар орталықтары базасында «Аутрич» бағдарламасын және «JasOtan»-ның «Қамқоршылар» бағдарламасын енгізу, яғни ешқандай айналысатын шаруасы жоқ жастармен жұмыс жүргізу жоспарланған. Егер оларды дер кезінде басқа нәрсемен қызықтыра білсе, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алудың тиімділігін арттыруға болады. Айта кетерлік жайт, 2018 жылы кәмелет жасына толмағандар 3156 қылмыс жасаған.
Картада ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға арналған ұйымдар желісін алмастырушы отбасыларды дайындау және сүйемелдеу қызметтеріне кезең-кезеңмен қайта құрылымдау көзделген. Сондай-ақ ҚР АӨК ММК-мен бірлесіп, біз өңірлерде интернаттық мекемелерді мониторингілеу және оларды балалар мен отбасыларды қолдау орталықтарына айналдыру бойынша жұмысты бастадық. Бала асырап алуға уәждеу үшін "QAZAQSTAN" телеарнасымен бірлесіп телехабарлар шығару басталды .
Ерекше балалар тәрбиеленетін отбасылар үшін әр өңірде отбасының қажеттілігі карталарын қалыптастыру, ресурстық сыныптарды ашу, аймақтың қажеттілігіне қарай қалалық ауруханалар базасында ерекше балаларды емдеу үшін инклюзивті және көп бейінді орталықтарды қолдау қаралды.
Жол картасы шеңберінде ведомствоаралық байланысты жақсарту жөніндегі конституциялық шаралар көзделген.
Жол картасы аясында мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру үшін отбасылар мен балаларға көмектесуде негізгі кілт боп табылатын ведомствоаралық байланысты жақсарту бойынша шаралар қабылдау қарастырылған. Отбасы және балалар істері жөніндегі басқармалар ашу, балалар мен олардың отбасыларына кешенді және үйлесімді көмек көрсету және әлеуметтік қызметтерді дамыту үшін әрбір тірек пунктіне әлеуметтік қызметкерді бекіту ұсынылды.
Жол картасын әзірлеу кезінде біз бала мен отбасы өмірінің қалай құрылатынын және оның өмірінің барлық аспектілерін қазіргі өзекті проблемалармен байланыстыруды негізге алдық. Біз осы жылдың ақпан айында өткен бірінші отырыстан кейін жұртшылықтың және ҮЕҰ-дың барлық ұсыныстарын қарап, оларды пысықтадық. Барлық қолданыстағы механизмдер мен жекелеген өңірлерде қолданылатын әдістерді бүкіл ел бойынша пайдалануды жүзеге асыру үшін ең үздік жобаларды анықтадық. Сондықтан жол картасы арқылы біз отбасы мен балаларға кешенді және атаулы қолдау көрсетілетін жүйе құрамыз. Баланың отбасы аман-есен, ауласы қауіпсіз, үйірмелерге баруға мүмкіндігі болса, қиын жағдайларда отбасы мен бала қалай және қайда хабарласу керектігін білетін жағдайда, сондай-ақ мәселерді шешуде тиімді тетіктер жұмыс істейтін болса ғана, біз балалар мен отбасылардың әл-ауқатының индексі туралы айта аламыз.