Қайырлы күн, Ақерке ханым! Бірінші кезекте уақытыңызды бөліп бізбен сұхбаттасуға келіскеніңізге рақмет!
Сіздерге де рақмет, жастарға қатысты сұрақтарда қол ұшын созуға дайынбыз.
Алдымен «Астана Жастарының» қызметі мен құрылу тарихы жөнінде айтып өтсеңіз.
«Астана Жастары» немесе көпшілік арасында «МРЦ» («Молодежный ресурсный центр») аталып кеткен біздің ұйым жанашырымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен 2014 жылы тек елордада да ғана емес, Қазақстанның өзге де өңірлерде құрылды. Нақты статистикаға сүйенсек, 200-ден астам Ресурстық орталық еліміздің жастары үшін жұмыс істеуде. Мұндай орталықтар тек қалаларда емес, ауылдарда да бар.
«Астана Жастары» қандай мақсатта құрылды?
«Астана Жастары» атауы айтып тұрғандай, елорда жастарына қызмет көрсетеміз, олардың мәселесі бойынша жұмыс істейміз. Бізді «Жастардың жұмыскерлері» деп атаса да болады.
Бұл ресурстық орталық қалай жұмыс істейді? Қандай бағыттары бар?
Біздің ұйым бірнеше бағытта – жұмыспен қамту, еріктілер тобы, аулалық клубтар және бізге өз мәселелерімен келетін жастарға заңды және психологиялық тұрғыдан кеңестер беру бағыттарында жұмыс істейді. Мысалы «Жұмыспен қамту» бойынша ай сайын жастарға арналған треннингтер өтіп тұрады. Бұл ақысыз түрде жүргізілетін треннингтердің негізгі құны 200-300 мың тг құрауы мүмкін. Дегенмен, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қолдауымен аталған жобалар толықтай тегін. Мұндай керемет семинарлар жұмысқа тұру үшін, өз ісінің маманы болуы үшін жастарға берілген тамаша мүмкіндік.
Нұр-Сұлтан қаласының жастарын өздеріңіздің бағдарламарыңызға, жобаларыңызға қалай қызықтырасыздар?
Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша жастар қауымын 14 – 29 жастағы халық құрайды. Жалпы Қазақстан бойынша 4 миллион жас бар және оның 1,7 миллионы – ауылдық жастар. Ал Нұр-Сұлтан қаласында 240 мыңнан астам жас тұрады екен. Оларды қызықтыруға келсек, менің ойымша, өзін-өзі сыйлайтын, дамығысы келетін кез келген жас әлеуметтік желілерді қолданады. Сол арқылы біздің желідегі парақшаларымыздан қажетті ақпараттарды таба алады. Инстаграмдағы astana_jastary аккаунтында ұйым туралы барлық ақпарларды жариялап отырамыз. Сондай-ақ, бізді әкімшілік жақсы қолдайды. Мысалы, әкімшіліктің ресми веб-сайтында біздің бағдарламалар жөнінде және жалпы ұйым туралы ақпарат өте көп. Егер жастар өздері азаматтық белсенді боламын десе, кез-келген жерден керек материалдарды таба алады. Сонымен қатар біз әр түрлі іс-шараларда жиі боламыз, сол арқылы біздің жобаларымыз жөнінде жастар мағұлматтар алады.
Қазіргі таңда ерікті болу жастарға қандай мүмкіндіктер береді?
Жалпы «еріктілік» деген адамдарға ешқандай қайтарым дәметпей шын жүректен көмектесу. Ол – ақысы төленбесе де жүрегіндегі мейірімін халыққа ұсыну. Менің ойымша, еріктілік бірінші кезекте адамның өзінің жүрегінің қанағаттануы үшін орындалады. Волонтерлардың материалдық немесе басқа да қанағаттану жөнінде ойлауы дұрыс емес.
Біірақ менің білуімше, шетелдік оқу орындарында еріктілік қызметпен айналысқан жастарға артықшылықтар қарастырылған және біздің әкімшілік те қолдау көрсетеді. Сондай-ақ президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 2020 жылы еріктілер жылы деп жариялады. Осындай ерекше жылдың болуы халықты жанашырлыққа сүйемелдейтін сындарлы саясаттың көрінісі деп білемін.
Осы 2020 – Еріктілер жылының қарсаңында сіздердің тараптарыңыздан қандай іс-шаралар жоспарлануда?
Іс-шаралар өте көп. Осы жылдың аяғында еріктілер форумы өтпек. Онда Нұр-Сұлтан қаласының белсенді еріктілері жиналып гала кеш және тағы да басқа іс-шаралар өткізеді. Жалпы форум санаулы жастарға емес, үлкен аудиторияны қамтуды көздеп отыр. Бұл әлі тек жоспардағы жоба болғандықтан нақты ақпарат бере алмаймын. Аталған форум осы жылдың соңындағы іс-шара, ал келесі жылға одан да өзге көп, қызықты жобалар бар.
Ал 2019 жылдың Жастар жылы аталуының себебі неде деп ойлайсыз?
Жалпы Қазақстанда бұрын-соңды болмаған Жастар жылы бәріміздің жүрегімізде және есімізде қалатындай жыл болды. Жастар жылының жариялануы мемлекетіміздің жастарға деген жылулығы деп білемін. Негізінен, қай кезде де мемлекет жастарға ерекше көңіл бөледі, бірақ осы жыл ерекше сипатқа ие. Сондай-ақ Елбасы мен президентіміздің де бізге деген қамқорлығын сезінудеміз.
Мәселен жақында презиндент Қасым-Жомарт Кемелұлы белсенді жастармен бірге ботаникалық бақта көгалдандыру жұмыстарымен айналысып, жастарға үлкен қолдау көрсетті. Жастардың ойына құлақ асу, тең құқылы ету және барынша қабылдау – үлкен жетістік. Өйткені, біздің менталитетте жастар үлкен кісілердің көзінше өз ойларын үнемі ашық айта бермейді.
Ал нақты жетістік пен қолдауға келсек, олардың бірі – Нұр-Сұлтанның жұмыскер жастарына арналған 1050 пәтер жобасы. Жоба аясында пәтер жалдағысы келетін қалада кемінде 2 жыл тұрақты тіркеуде тұрған, 40 АЕК жалақысы бар 29 жасқа дейінгі жұмыскер жастарға еліміздің үш мегаполисінде пәтер беріледі. Smart Astana онлайн бағдарламасы арқылы барлық өтініштер қарастырылады. Сонымен қатар, біз елорданың белсенді жоба құрастырумен, зерттеу жұмыстарымен айналысатын жастарына арналған «Жастар жалыны кэмп» деп аталатын үш күндік демалыс іс-шарасын ұйымдастардық. Жалпы табиғат аясындағы демалыс «Золотой фазан» орталығында өтті және жастарға арналған түрлі треннингтар жүргізілді. Ал енді аулалық клубтарға келсек, жастар өз өнерлері мен біліктілігін шыңдап қана қоймай, түрлі қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып жатыр.
Сіздер 2019 - Жастар жылында жастар үшін нақты қандай жобаларды іске асырдыңыздар?
Негізінен қазіргі таңдағы жастардың екі өзекті мәселесі бар. Біріншісі – тұрғын үй болса, екіншісі – жұмыссыздық. Бұл мәселелер тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде бар деп ойлаймын. Тұрғын үймен қамту бойынша 1050 пәтер бағдарламасы іске қосылса, жұмыссыздық жөнінде біздің жұмыспен қамту бөлімі түрлі онлайн әрі офлайн түйіндемелер алып барынша көмек қолын созады. Нақты ақпаратқа сүйенсек, онлайн сұраныс саны 9 айдың ішінде 194, ал бізге өздері келіп түйіндеме тастаған жастарды қосқанда 200 өтінімді қарастырып, жұмыс табуына септігімізді тигіздік. Біздің жұмыспен қамту бөлімі мәселені шешу үшін «Жұмыс немесе вакансия жәрмеңкелері» жобасын ұйымдастырып тұрады. Мысалы соңғысы ЕҰУ-да өтті. Сонымен қоса, біз 197 компаниямен келісім-шартқа отырып, жастар мен компаниялар арасындағы алтын көпір болуға тырысамыз. Сондай-ақ біздің «Мейкатон» деп аталатын әлеуметтік жобамыз бар. Үш күнге созылатын марафон аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға жас ғалымдардың туындылары сыйға тартылады. Бұл сыйлар ерекше сипатқа ие өйткені олар мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін жеңілдетуге бағытталған. Мысалы, кресло қолданатын мүгедекке арнайы жарықтандыру орнатылса, қолы жұмыс жасамайтын адамдарға импульс арқылы жұмыс істейтін туындылар ойлап табылды.
«Астана жастары» өзге аймақтардағы ұйымдарға қандай үлгі көрсетуде деп ойлайсыз?
«Астана жастарының» мақсаты өзгелерден алда болу емес, жастардың мәселесімен жұмыс істеу. Дегенмен, елордадағы ресурстық ұйым ретінде жауапкершілік жоғары. Өзге өңірлердегі ұйымдар да қалыс қалмай, үнемі дамып отырады. Атап өтсем, Түркістан, Ақтөбе қалаларындағы ұйымдар жақсы жетістіктерге жетіп жатыр. Дегенмен, олардың қызметі бізден өзгеше және әкімшілік тарапынан қаржыландыру мөлшері жөнінде бейхабармыз.
Жылдық жоспарды өздеріңіз құрастырасыздар ма, әлде әкімшілік бекітеді ме?
Біздегі жоспарды, әрине, әкімшілік құрастырады, өйткені біз әкімшіліктің коммуналдық органы болып табыламыз.
Біздің оқырмандарымыздың басым бөлігі жастар болғандықтан, өз тарапыңыздан жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
Өте жақсы сұрақ! Менің ойымша, әр адам жеке басына жауапты. Ата-анадан, мемлекеттен үнемі көмек күтудің орнына, мен қоғамға не істей аламын, мен жақындарыма қандай көмек беріп жатырмын деп ойлану қажет. Сонымен қатар, жастар белсенді болуы керек. Қоғамда орын алып жатқан жаңалықтардан хабардар болып, атсалысуға тырысуы қажет. Жетістікке жетемін деген жастардың әрқашан да жолы ашық.
Көбіне жастар қандай мәселелермен және сұраныстармен келеді?
Жастар әрине келеді, бірақ писхологиялық және заң жөнінде жеке кеңес алатындықтан оны жариялауға менің құқығым жоқ. Заң туралы кеңес алуда көбіне жаңа іс бастағысы келеді. Біз жастардың сұраныстарын қолымыздан келгенше орындаймыз.
Сіздер Қазақстан Студенттер Альянсы, Жас Отан секілді жастар ұйымдарымен бірігіп жұмыс жасайсыздар ма?
Әрине, Қазақстан Студенттер Альянсының приезиденты Ілияс мырзамен тығыз қарым қатынастамыз. Ол кісі де үнемі біздің іс-шаралармызда белсенді ат салысады. Бұл ұйым білімгерлерден тұратындықтан және солармен жұмыс істейтіндіктен, біз үнемі кеңес алып отырамыз. Жұмыс ешқашан да бір жақты жасалмайды. Жастардың керегі, сұранысы үнемі ескеріледі. Жас Отан жөнінде айтсақ, «Астана Жастарына» дейін мен сол ұйымның белсенді мүшесі болдым. Және мені Жас Отанмен тек жылы естеліктер байланыстырады, өйткені ол ұйымда мен жастар мәселесін көтеріп түрлі іс-шараларға ат салысқан болатынмын.
Сонымен қатар біз басқа аймақтардағы «Жастар ресурстық орталықтарымен» үнемі тығыз байланыстамыз. Мысал ретінде мамыр айында Түркістан қаласының жастары өз тарапынан Нұрсұлтан қаласына қызғалдақ гүлдерін сыйлағанын және осы іс-шара аясында меморандумға қол қойылғандығын айтсақ болады. Мен өзім Түркістан қаласына іскерлік сапарға барып, қызғалдақтарды қабылдап, алдағы уақытта бірге жұмыс жасаймыз деп келісімге келген едік.
Даму барысында әлемдік трендтермен қатар жүресіздер ме?
Әлемдік трендтер аясында, әрине, бағыт аламыз бірақ, негізгі жұмыс ұлттық ділімізге сәйкес орындалады. Біздің ұлттық ерекшеліктерімізді дамыту, насихаттау біз үшін өте маңызды сондықтан трендтерге сай қатты өзгермейміз. Шыны керек, біздің сұхбаттың өзі қазақ тілінде орын алып отырғаны мені қуантады.
Әңгімеңіз үшін көп рахмет!
Cұхбаттасқан Әбілхай Жансая, Мұқанова Нұржауған