GN News | GNEXT

GN News

Ербол Ісләмұлы: Биікті бағындырғысы келетін адам мінезді болуы керек

2019-11-09, 23:52

Бүгін назарларыңызға балаларға қосымша білім беретін мекеме Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебаймен болған сұхбатты ұсынамыз.

 

Қайырлы күн! Бізбен сұхбаттасуға келіскеніңізге рақмет. Алдымен Оқушыр сарайы туралы айтып өттсеңіз: қашан құрылды, қанша бала білім алады?

Оқушылар сарайы 2011 жылы желтоқсан айында Елбасының тапсырмасымен салынды. Бұл ауданы 61 274,6 шаршы метрді құрайтын, төрт қабатты үлкен ғимарат. Бізде үш бағыт – ғылым-техника, мәдениет және спорт бойынша барлығы 127 үйірме бар. Әлемде осылай үш бағытты бір сарайға біріктіріп білім беретін орталық жоқ деп айтуға болады. Мұнда аптасына 12 000-дай бала қосымша білім алады. Үйірмелердің бағасы 5000 -10000 аралығын құрайды. Ең арзаны күрес секциясы болса, ең қымбат үйірмелерге теннис, жүзу және көркем гимнастика жатады. Бізде бюджеттік және ақылы топтар бар. Көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларының, жетім және мүмкіндігі шектеулі балалардың осында тегін білім алуына немесе үйірмелерге қатысуына мүмкіндігі бар. Бүгінде бюджеттік бөлімімізде 7850 оқушы қосымша білім алуда. Сондай-ақ балалардың жеткен жетістіктеріне қарай, категориялар бойынша іріктеп,  тегін оқуға мүмкіндік беріп тұрамыз.

Өзіңіз атап өткендей, бұл сарай нағыз оқушы жастардың жиналатын ортасы. Ал сіздер 2019 жылы – Жастар жылы аясында қандай іс-шаралар өткіздіңіздер?

Аталған жыл аясында өткізілген және алдағы уақытқа жоспарланған шаралар өте көп. Мәселен, қараша айында бал билерінен байқау өткізгелі жатырмыз. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша  «Руханият» орталығымызда көрме, әкімдікпен бірге экология саласына қатысты әртүрлі конкурстар және сарайымыздағы атомдық, биотехнология орталықтарында да жастарға арналған көптеген шара болып өтті. Биыл жастар, яғни жоғары сынып оқушыларына арнап «Бизнес инкубатор» жобасын қолға алып жатырмыз. Біздің балаларымыз қаржылай сауатты болып, бизнес туралы көп нәрсені білгенін, жобалық-сметалық құжатты қалай дайындау керек, өз ісін қалай, неден бастау керек деген секілді сұрақтарға жауап тапқанын қалаймын. Қазақстанның жастары барлығын біледі, өте тәрбиелі, ақылды болғанымен сондай іскерлік әлемінде адасып қалып жатады. Себебі қазір әлем әп-сәтте өзгеріп шыға келеді. Біздің кезіміздегідей бір нәрсені үйреніп, қарап отыратын заман емес, барлық нәрседен хабарың болуы керек, алған біліміңді жаңартып отыру керек. Бұрын біз «интернет-дүкеннің» не екенін де білмейтін едік, ал қазір интернет-компания Amazon.com-ның басшысы Джефф Бэзос әлемдегі ең бай адамға (2018, Forbes) айналып отыр. Әлем өте тез өзгеруде, бұған біздің балаларымыз дайын болу керек. 

Қазір ағылшын тілі курстарын ашудың қажеті жоқ, себебі оны қаланың кез келген жерінен табуға болады. Оның орнына Армениядағы «Тумо» креативті технологиялар орталығы, Санкт-Петербургтетегі цифрлық технологиялар академиясы cекілді ғылыми орталықтар ашу керек. Біз осындай бір жобаны бастап, жүзеге асырғалы жатырмыз. Бағдарламалау мен инженерлік технологиялар курсына да баса мән берудеміз. Себебі біздің балаларымыз мұндай салаларға көп қызыға бермейді. Спорт, ән-би, өнер курстарына сұраныс жоғары да, технология, ғылым бағыттарына келушілер саны аз. Осындай салаға қызығатын бала көрсек, әрі қарай дамытып, жол сілтеп жіберуге біз әрқашан дайынбыз. Мысалы бізде картинг үйірмесі бар, бұған балалар қызығады. Дегенмен бұл да бір спорт түрі ғой, тек ойнайды да кетеді. Ал мен балалар ойланса, өздері бірнәрсе жасап шығарса деймін. Әрине, машина жасаудан бірден Германия, Жапониядан озып кетсек демеймін, бірақ «болмасақ та ұқсап бағуымыз» керек. Мәселен, біздің қазақтардың арасында айына 500 000 үміткер түйіндемесін жіберетін Google компаниясында инженер болып жұмыс істейтін жастарымыз бар. Демек, халқымыз соншалық артта қалып қойған жоқ, балаларды дұрыс бағытта тәрбиелеп, оқыта алсақ, технологияны да бағындыратын әлеуетіміз бар.  

Сонымен қатар осы жылы біз «Виртуалды лабаратория» аштық. Мұнда балалар химия, биология, физика секілді әртүрлі ғылым салаларын виртуалды оқи алады. Біздегі химия зертханасында оқып жатқан балалар өздерінің өнімдерін жасап  шығарып жатыр. Мысалы, жақында өздері сабын мен иіссу жасағанын мақтанышпен айта аламын.

Өте жақсы жаңалық екен. Ал қандай бағыттарға балалар аз келеді?

Жаңағы айтып жатқан ғылыми-техникалық бағыттағы үйірмелерге балалар өте аз қатысады. Бізді қынжылтатыны да осы. Қазіргі таңда осы бағытқа жастарды көбірек тартуға жұмыстанып жатырмыз.

Меніңше, қазір оқушылар да, студенттер де миын жұмыс істетіп отырғысы келмейді. Жаңа технологиялардың келгені өмірімізді жеңілдеткенімен, осындай білім саласына келгенде өзіміз ойланбай біреудің еңбегін көшіріп алуға әуестеніп барамыз. Балалар өз алдына қазір кандитат, доктор, профессор дәрежесін алып жүрген азаматтар да өздері жазбай, гуглды ашып, керек тақырыпты зерттемей, тек көшіріп не аударып алып жүр. Бұл бүкіл елімізге қатысы мәселе.

Біз биыл осы ғылымға балаларды қызықтыра түсу үшін ғарыштану кабинетін аштық. Ішін олардың талғамына сай безендірдік. Қазақстан өзін әлемге «ғарыштық державамыз» деп айтқанымен, астрономия саласы бізде кенже қалып жатқанын мойындау керек.

Байқауымша, балалар кішкентай кезінде басқа болмаса да, ғарышқа, аспан әлеміне қызығады. «Өскенде ғарышкер болам» деп жүрген балаларды көп көретініміз анық. Қалай ойлайсыз, сол кішкентай кездегі қызығушылық өсе келе неге жоғалып кетеді?

Бұл қызығушылықты әрі қарай ұштай түсетін оқу орындарының аздығынан деп ойлаймын. Сонымен қатар, қазіргі таңда балалардың мектептегі сабақтардан уақыты артыла бермейді. Физикалық шаршағасын басқа нәрселерге қолын бір сілтей салады. Бұған қоса, қазір оқушылар мектепте үйрене алмағанын бізден іздеп келеді. Бұл – мүлде дұрыс емес. Математика, ағылшын тілі секілді мұғалім үйретуі керек теориялық сабақтарды бала мектептен білуі керек. Егер оларды үйрете алмаса, баланы неге мектепке баруға міндеттейміз? Біздің мекемеде балаларға мектепте оқытпайтын немесе физика, химия, биология секілді тек теория емес, практиканы қажет ететін сабақтарды өтуіміз керек. Мектеп пен қосымшада  бір пән оқитын баланың ғылымды зерттеуге уақыты да қалмайды ғой. Сол себепті мұғалімдердің баланы білмейсің деп қосымшаға жіберуі дұрыс емес деп ойлаймын.

Осындай үйірмелерге көптеген балалар өзінің емес, ата-анасының қалауымен келіп жатады. Осы жайында не айтасыз?

Бұл дұрыс емес. Бала өзі қалап, бір нәрсе үйренемін деп келуі керек. Сонда ғана ол дамиды, еңбегінің нәтижесі болады. Ал ата-анасының айдауымен келетін баламен жұмыс істеу мұғалімдерге де қиын, одан бірдеңе шығады деу қиын. Кейде байқайтыным, көп ата-ана бойы күні жұмыста болатындықтан ба, кей балалар бізде барлық уақытын өткізеді, бір үйірмеден шығып басқасына кетеді. Бұл оқушыға физикалық салмақ салады ғой, сондықтан бұлай болмайды, бала уақытымен демалуы керек.

Біздің орталықтың мақсаты тек білім беру емес, сонымен қоса, балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, тәрбиелеу боп табылады. Олар өз жерінің тарихын, тілін біліп, оларға құрметпен қарау керек, өзінің елімен мақтана білу керек. Осы себептен де біз «Рухани жаңғыру» кабинетін ашып, оны заманға лайық жабдықтадық. Мен әрқашан балаларға «Сен қазақсың, ұлы дала тұғыры, Күмбір-күмбір күрескерлік ғұмыры. Тірескеннің дірілдеткен тізесін, Тұлпарының тұяғының дүбірі» деп айтып отырамын. «Сенің ата-бабаң ешкімнен кем болмаған. Олармен мақтана біл» деген идеялогияны жастар арасында жүргізуіміз қажет. Себебі, қазір өкінішке қарай, қазақша сөйлеуге арланатын, елінің тарихын білмейтін азаматтар көбейіп жатыр.

Балаларға, жастарға берер кеңесіңіз?

Қазір Қазақстаннан әлем чемпиондары, әртүрлі халықаралық байқаулардың жеңімпаздары шығып жатқаны мені қатты қуантады. Олар – мықты балалар. Сол секілді барлық жастар өмірдің жеңіс пен жеңілістен тұратынын, екеуінің қатар жүретінін түсінуі қажет. Бір рет жеңіліске ұшырасаң, келесіде жеңіске жетесің. Сәтсіздікке тап болсаң «менен дым шықпайды» деп салың суға кетпей, керісінше алға ұмтылу керк. Биікті бағындырғысы келетін адам мінезді болуы керек. Мысалы екінші дүниежүзілік соғыста біздің Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, 21 жасында Берлинге ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтар мінезінің қайтпас қайсарлықтарының арқасында жеңіске жетіп, батыр атанды. Біз осындай мықты халықпыз. Бірақ мықтылығымызды сөзбен емес, іспен дәлелдей білу керек. Қазір бөспелік, мақтаншақтықпен уақыт құртатын заман емес. 

Менің ойымша, біз қазір спорт, өнер жағынан таланттарға кенде емеспіз. Бізге ғылым мен техниканы дамыту керек. Сингапур, Малайзия, Корея елдері жерлері кіп-кішкентай болса да, осы технологияның арқасында әлемді мойындатып отыр. Басты жұмыс істетіп білу керек. Америкада «Ақылды болсаң, неге бай емессің» деген принцип бар екен. Адамның  теориялық тұрғыдан бәрін жаттап алғаны, оны іс жүзінде қолдана білмесе түкке де керегі жоқ. Сондықтан барлық жастарды ойлана білуге, білімдерін дұрыс пайдалана білуге шақырамын.

Әңгімеңіз үшін рақмет! Аталған кемшіліктер сіздей ұрпаққа өсиет айтар ағалар тұрғанда көп ұзамай шешіледі деген үміттеміз. Алдағы жоспарларыңыздың сәтті жүзеге асуына тілектеспіз!

Сұхбаттасқан Мұқанова Нұржауған