GN News | GNEXT

GN News

Раушан Мұхтарқызы: Біздің мақсатымыз – жеткіншектерге білім беріп қана қоймай, оларды рухани-патриоттық тәрбиелеу

2019-11-13, 11:27

Балалар мектептен кейінгі уақытын тиімді өткізіп, өзінің хоббиін пайдалы іске айналдыра білсе, ол  жаман әдеттерден аулақ болады. Generation next командасы елордадағы баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын қосымша білім беру орны Оқушылар сарайындағы танымал үйірмелер туралы ақпаратты назарларыңызға ұсынбақ. Бұл туралы мекеме директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ахметова Раушан Мұхтарқызы айтып берді.

Оқушылар сарайы – әртүрлі үш бағытты бір ғимаратқа сыйдырып, оқушылардың бос уақытын барынша тиімді өткізуіне жағдай жасайтын білім беру ұйымы. Оқушыларды 6 жастан бастап қабылдаймыз, 18 жасқа дейін осында қосымша білім алуына болады.

Спорттан бастап ғылыми-техникалық кабинеттерге дейін балалардың талғамына сай жабдықталған.

Өзіміздің медиа-орталығымыз бар. Мұнда жас тілшілер «Айбала» атты журнал шығарып тұрады. Журналда балалар өздері мақала, жаңалықтар жазады, сарай өмірі туралы хабар таратады. Журналдың соңғы саны ұстаздар күніне арналды. Медиа орталықта сондай-ақ телерадиожурналистика, блогерлік сабақтары да жүргізіледі. Сонымен қатар, біздің «Айбала» деп аталатын театрымыз да бар. Бұл жерде балалар өздерінің актерлік шеберліктерін шыңдайды. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастардың ұлттық рухын көтеру мақсатында ашылды. Біздің театр осы кезге дейін тек балалар ойнаған екі үлкен театрлық қойылым қойып үлгерді.

Жалпы біздің мақсатымыз – жеткіншектерге білім беріп қана қоймай, оларды рухани тұрғыдан байытып, патриот етіп тәрбиелеу. Солардың ішінде «Астана – ұлы дала елордасы» жобасын ерекше атап өткім келеді. Бұл оқушыларды өзінің туған жерін сүюге, оның тарихын танып, құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында жүзеге асты. Бұл жоба аясында оқушылар қала сыртына экспедициялар жасап, көшелер мен ескі ғимараттар тарихына тоқталып, ескерткіштерді танып білді. Биылғы Жастар жылында бірінші рет «Парасат» интеллектуалды турнирі де болып өтті. Ол «Не? Қайда? Қашан?» ойынының форматындағы өте қызықты жоба.  Бұған елордадағы барлық мектеп оқушылары қатысты деп айтуға болады. Енді осы жобаны маусымдық ойын етіп жыл сайын ұйымдастырмақ ниеттеміз.

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында біз «Менің елім» виртуалды ақпараттық орталығын аштық. Кіргеннен бастап еліміз туралы ақпаратпен толтырылған  орталықты ашудағы мақсатымыз – жастарды отансүйгіштікке, Тұңғыш Президент атап өткен «ұлттық код пен жадты сақтауға» дәріптеу.  Мұнда аты айтып тұрғандай біздің еліміз туралы, Елбасы айтқан «ұлы даланың жеті қыры» туралы  барлық мағлұматты виртуалды түрде балаларға түсіндіреді. Оқуышыларға ұлы даланың ұлы есімдерін таныту мақсатында Абай, Әл-Фараби бабаларымыз туралы да осында барлық дерек орналастырылған.

Балалар ең көп келетін бағыт – спорт. Оның ішінде жүзу мен мәнерлеп сырғанау секциясына қызығатындардың саны өте жоғары. Ал ғылыми бағыт бойынша балалардың қызығушылығн арттыру үшін біз барымызды салып жатырмыз. Себебі біздің жеткіншектер ғылым мен техника саласына көп келе бермейді.

Бұған қарамастан бізде жыл сайын әр түрлі ғылым саласы бойынша курстар ашылады. Мысалы, Ұлттық биотехнология орталығымен бірге қызметтесетін биотехнология үйірмесі бар. Мұнда жоғары санаттағы өзіміздің педагог мамандар балалармен жұмыс істейді.  Сондай-ақ ғылыми-техникалық бағыттағы танымал үйірме – химия секциясы.  Жас химиктер осында мектепте өткен теорияны іс жүзінде жасап үйренеді. Біз биыл химия кабинетінде Менделеев кестесін 4Д форматында жасап қойдық. Ол – біздің жаңа жобамыз. Негізі біздің осындағы жас зерттеушілеріміз – өте талантты. Олар өздерінің өнімдерін жасап шығарады. Мысалы осыған дейін олар емдік бальзам, крем және сабын мен бірегей иісті әтір ойлап тапты. Бұлардың бәрі де Республикамыздың территориясындағы шикізат көздерінен жасалды. Олар алдымен арнайы экспедицияларға шығады да кейін лабараторияда алынған материалдардан өздері белгілі бір өнім жасап шығарады.

Сонымен қатар балалардың ғарышқа, аспан әлеміне қызығушылықтарын арттыру үшін осы жылдан бастап ғарыштану кабинетін жасақтадық. Мұндағы  «Жас ғарышкер» үйірмесін бұрын тәуелсіз Қазақстанның атынан алғаш боп ғарышқа ұшқан Айдын Айымбетов жүргізген болатын. Осы кабинетке ғарышкеріміз ғарышқа апарып келген Оқушылар сарайының туын да іліп қойдық.

Әр оқу жылының соңында біздің оқушыларымыз жыл бойы не үйренгенін көрсету мақсатында ата-аналар мен оқытушыларға концерт қояды. Воколистер әнін, бишілер биін, музыкалық аспаптарды ойнайтындар өздерінің өнерін көрерменге паш етеді. Тіпті мәнерлеп сырғанаушылар да мұз үстінде шоу қойса, суретшілер мен арт-дизайнерлер көрме ұйымдастырада, театр қойылым қояды, т.б. Яғни әр бөлім бір жылда не үйренді соған есеп береді.

Негізі біздің сарайымыз барлық оқушыларымздың да, ата-аналардың да  көңілінен шығады. Қазіргі таңда бізде әртүрлі бағыттағы 127 үйірме жұмыс істейді.

Бұдан бөлек ақпаратты http://www.dvschool-online.kz сайтынан толық ала аласыздар.