GN News | GNEXT

GN News

"Disney"-дің "Мұзды өлке 2" анимациялық фильмі қазақ тіліне дубляждалды

2019-11-27, 23:53

Достар, бүгін Generation Next командасы "Мұзды өлке 2" қар күшін басқара алатын Эльза мен кез келген жүректі елжірететін Анна - апалы-сіңлі хикаясының анимациялық фильмінің жалғасының алдын ала көрсетіліміне қатысты.

Бұл – "Болашақ" корпоративтік қорының бастамасымен "Өзіңнен баста" жобасы аясында мемлекеттік тілде отандық кинопрокатқа шығатын отыз үшінші фильм. Картина прокатқа 28 қарашада екі тілде шығады.

Көрсетілім Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында "Болашақ" корпоративтік қоры мен "Меломан" компаниясының бастамасымен "Өзіңнен баста" жобасы аясында өткізілді. Фильм дубляжының демеушісі – BI Group компаниясы. 

Іс-шараға "Болашақ" корпоративтік қоры Қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі, "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, BI Group компаниясының өкілдері, шығармашыл зиялы қауым өкілдері, блогерлер, медиа-тұлғалар, "Болашақ" қауымдастығының мүшелері және басқалар қатысты.   

Жоба жетістігі - халық жетістігі.

"Болашақ" корпоративтік қоры «Aray Media Group» студиясы мен «Kinopark» кинотеатрлар желісіне және биыл шыққан бес кинотуындыға демеуші болған BI Group компаниясы мен Айдын Рахымбаевқа алғыс айтты.

«Біз сегіз жылда 33 голливудтік блокбастерді қазақ тіліне дубляждадық. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Әрбір Қазақстан азаматы өзінен бастап, балалары мен жақындарын да үйретіп, қазақша сөйлеуі қажет. Біз, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, шетелде жүріп, көп тіл меңгердік. Бірақ біздің басты құндылығымыз бен байлығымыз – ана тіліміз. Адам ана тілін білмесе, өмірде үлкен жетістіктерге жете алмайды. Патриоттық сезім осыдан басталады» – деді "Болашақ" корпоративтік қоры Қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек.

«Фильм дубляждау оңай көрінгенмен, қиын жүмыс екен. Біз, BI Group компаниясы, өнерден алыс болсақ та,  өз тарапымыздан жобаны қолдап, қолымыздан келгенше демеу болуға тырыстық. Жұмыла көтерген жүк жеңіл.  Өз тілімізді қадірлесек, басқа ұлттар да қадірлейді. Оны үгіттеп, насихаттап, әр үйде қазақ тілінің үні шықсын деп тілеймін. Жобаның болашағы жарқын болсын!» – деді BI Group компаниясы директорының қаржы жөніндегі орынбасары Қайрат Шаяхметов құттықтау сөзінде.

 Фильм аяқталған соң, Нұрай Сейтқалиева ән шырқады.

Айта кетелік, Крис Бак пен Дженнифер Ли режиссерлерінің "Мұзды өлке" Disney хитінің жалғасы америкалық прокатта премьералық демалыс күндерінің ең кассалық фильмі атанып үлгерді. Анна, Эльза және олардың достарының туған елінің тарихына қатысты аңыздардың шығу тегі туралы шындықты білу бастан кешіретін қызықты оқиғаларының прокаттың бірінші аптасында 127 миллион доллар табуға мүмкіндік берді.

"Өзіңнен баста" жобасын іске асыру барысында қазақ тіліне "Тачки-2"/"Көліктер 2", "Мстители-2: Эра Альтрона"/"Кек алушылар: Альтрон дəуірі", "Храбрая сердцем"/"Батыл жүрек", "Тайна Коко"/"Коко құпиясы", "Моана", "Малефисента", "Аладдин", "История игрушек-4"/ "Ойыншықтар хикаясы-4" сияқты жалпы 33 картина дубяждалған. Жобаның арқасында 100-ден астам отандық актер "Walt Disney Pictures" дауыстық базасына тіркелген. Қазақ тілі "Walt Disney" компаниясының дубляжында түрік тілінен кейін екінші түркі тілі, ал тарихта 39-тіл болды.