Менің атым Турез Сабрина Айболқызы. Шырайлы Шымқаламыздың орталығында орналасқан № 23 мектепте 6-шы сыныпқа өттім. Сабақтан өзге түрлі салаларға қызығушылығым бар екенін жасырмаймын. Өскен сайын спорт, өнер т.б. салаларда өзімді сынап көру мақсатым. Ия, мақсат бар жерде армандарға жету мүмкіншілігі артатыны рас. Ол үшін терең білім алып, ата-анамыздың берген тәрбиесін зая кетірмеуім қажет. Анашым маған әрдайым ақылды кеңестер айтып, бағыт-бағдар беріп отырады. Әрине мұның пайдасы өзіме де менің достарыма да көптеп тиді. Мысалы, сыныптасымыздың анасы ауруханаға түсіп қалғанда сынып болып ақшалай көмектестік. Жинаған ақшамыз көп болмаса да дәрі-дәрмегіне жетіп досымыздың анасы тез арада сауығып шықты. Мұны да сынып жетекшісімен бірге сыныптастар болып тойладық. Сол қайырымды істің арқасында достығымыз артып, мейірімділік, сыйластық деген ұғымды түсіне бастағандаймыз.
Жалпы қайырымдылық - адамның асыл қасиеттерінің бірі. Егерде кез-келген көмекке мұқтаж адамға қол ұшын берсеңіз көп сауапқа және де құрметке ие боласыз. Мұны менің анашым мен сынып жетекшім әрқашанда айтып отырады. Жер шарында, оның ішінде еліміздің өзінде көмекке мұқтаж жандар баршылық. Мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-анасыз қалған жетімдер, науқас балалар т.б. өмірдің алпауыт сынақтарына амалсыз төтеп беріп жатқан жандарды көріп бірде жаның ашыса, бірде шүкірлік етемін. Біз осы өмірді аман-сау сүріп жатқан сәтімізде көмекке мұқтаж жандарға қолдау білдіруіміз міндетіміз. Олардың ауырын жеңіл ету жолында жылы сөздер айтып, көңілдерін аулауымыз қажет.
Елімізде қайырымдылық жасайтын ұйымдар, мейірімді жандар бар екені қуантады. Алайда оның бәрі де ересек кісілер. Ал менің қалауым, қатарластарымыз да яғни жасөспірімдер де қолдарынан келгенше қайырымдылық жасаса деймін. Түсінем, мектеп оқушыларында қаржылай ештеңе жоқ. Алайда көшеде қаңғып жүрген балақайларға, мүгедектерге өздерінің артық киімдерін, кітаптарын немесе ойыншықтарын берсе де үлкен көмек. Осы арқылы достарымыздың арасында мейірімділік пайда болып, көпке үлгі бола аламыз деп сенемін. Балалар үйінде ата-анасыз өскен балақайлар, ауруханада жылдап жатқан науқастар, төсекке танылған мүгедектер күнделікті бір сарында өмір сүріп келе жатыр. Олардың өміріне азғана болса да қуанышты сәттерді сыйласақ біз үшін жеңіс деп ойлаймын.
Менің анам қайырымдылық істерімен көптеп айналысады. Менде болашақта анам секілді осындай сауапты істердің бас-қасында болғым келеді. Тек үкіметтің көмегіне сеніп отпай өзімізде әрекет етсек талай
жандардың қуанышына себепкер болатынымыз анық. Сол себепті достар, әрбіріміз қандайда бір заттарымызды сыйға тартайық (кітап, киім, ойыншықтар) , немесе жылы сөздермен болсын демейік, қолдау білдірейік. Біздің деніміз сау, күнделікті ойнап-күлеміз, уайымдайтын ештеңеміз жоқ. Осы бір қуанышты өзгелерден қызғанбайық, себебі барлық адам бақытты болуға лайық.
Ең жақсы көмектің бірі – қайырымдылық. Достар, мұқтаждарға көмек берейік, жақсы адамдар қатарында болайық, сонда ғана ата-анамыз қалаған ұл-қыздар болып жетілеміз
Турез Сабрина, эссе Шымкент
Молодец