Ежелгі заманнан-ақ сәулет өнері қала көшелеріне көрік, адам жанына эстетикалық ләззат сыйлап келеді. Бүгін, бұл биік өнердің авторлары –сәулетшілердің төл мерекесі. Атаулы күн жыл сайын қазан айының алғашқы дүйсенбісінде дүниежүзі бойынша атап өтіледі.
Осыған орай назарларыңызға заманауи қазақ сәулет өнерінің майталмандары туралы ақпарат ұсынамыз.
Болат Құспанғалиев
2000 жылы сәулет саласында докторлық диссертация қорғап, қазақтың алғашқы сәулетші докторы атанған ғалым. Оның жетекшілігімен 20-дан астам жоба жүзеге асқан. Атап айтатын болсақ «Хайвилл Астана» көпфункционалды тұрғын үй кешені, астанадығы «Белый Лайнер» әкімшілік-тұрғын үй кешені, сондай-ақ «Алма қала» («Аpple Town») көпфункционалды тұрғын үй кешені және т. б. сәулет туындылары.
Владимир Лаптев
2000-2005 жылдар аралығында елорданың бас сәулетшісі қызметін атқарған. Қалалық әкімшілік, қаржы министрлігі ғимараттарының, «Қазақстан» спорт сарайы, Қазақстан тарихы музейі, сондай-ақ «Азия» іскерлік орталығы мен Ұлттық ғарыш орталығы ғимараттарының авторы. Ол Қазақстан сәулетшілер одағының мүшесі, Мәскеу университетінің профессоры және сәулет ғылымдарының докторы.
Шоқан Матайбеков
2005-2007 жылдары Нұр-сұлтан қаласының бас архитекторы болып қызмет атқарған. Көптеген танымал сәулет жобаларының авторы, оның ішінде «Сулы-жасыл бульвар» көпфунционалды кешені, «Тілеп қобыз сарайы» салтанат сарайы, министрлер үйі, «Солтүстік» шұғыласы тұрғын-үй кешені және басқа да құрылыс нысандары аталмыш архитектордың қиялынан туған. Оның есімі шет мемлекеттерде де танымалдыққа ие.
Сағындық Жанболатов
Автордың «Әзірет Сұлтан» мешіті жобасы Халықаралық сәулетшілер одағы Ассоцииясының «Алтын медалінің» иегері. Имандылық ордасы дәстүрлі ислам стилінде салынып, қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен безендірілген. Сондай-ақ Сағындық Жанболатов елордадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің ғимаратының жобасын жасаған сәулетші.
Төлеген Әбділда
Автордың ең танымал жобасы – Нұр-сұлтан қаласындағы «Астаналық цирк» сәулет нысаны. «Ұшатын тарелка» формасында салынған бірегей ғимарат құрылысы тек астаналықтардың емес, қала қонақтарының да көңілінен шыға білді. 2000 көрерменге шақтап салынған цирк, елорданың негңзгң көрнекті орындарының бірі. Сондай-ақ Төлеген Әбділда Алматыдағы «Метро» ойын-сауық кешені ғимаратының да авторы.
Сұлтан Баймағамбетов
Алматы қаласы сәулет департаментінде 16 жыл басшылық қызмет атқарған. Қазақстан президенті резиденциясының, оңтүстік астанадағы Орталық мешіт пен Алматы әуежайының, «Нұрлы тау» көпфунционалды кешенінің, Жамбыл Жабаев пен Абылай Хан ескерткіштерінің авторы.
Серік Рустамбеков
Астананың архитектуралық образын қалыптастыруда зор еңбек сіңірген: Есіл өзені жағалауындағы «Аквапарк» алаңы, «Самал» тұрғын-үй кешені, «Европа-Палас» рестораны құрылыстары аталмыш автордың идеясынан туындаған. Сондай-ақ ол Алматы, Семей, Павлодар, Нұр-сқлтан, Көкшетау қалаларындағы орталық базарлар мен әмбебап дүкендердің жобаларын жасаған. Серік Рустамбековтың эскизімен Ақмола облысында «АЛЖИР» саяси репрессия құрбандарына мемориалды кешен тұрғызылды.
Ақмырза Рүстембеков
Елорданың символы, көптеген халықаралық марапаттарға ие болған «Астана-Бәйтерек» жобасының авторы. Алматыдағы «Silk Way» сауда кешені, сондай-ақ Бішкек пен Алматы қалаларындағы көптеген жеке тұрғын үйлердің жобалары осы сәулетшінің шығармашылығына тиесілі.