GN Educates | GNEXT

GN Educates

«Көбелек эффекісі» дегеніміз не?

Бугін, 20:40

Әңгімемізді әріден бастасақ: американдық математик және метеоролог Эдвард Лоренц математикалық формулалар арқылы, ауа-райы жағдайын болжауға тырысып отырып, ұзақ мерзімді ауа-райын нақты болжау мүмкін емес деген қорытындыға келеді.

Себебі көптеген табиғи құбылыстар ғаламшарымыздағы жекелеген жерлерде ауа райы жағдайына үлкен әсер етеді. Тіпті Амазонка орманындағы бір көбелектің қанат қағуы Алматының көшелерінде дауыл туғызуы мүмкін.

Дәл осы Эдвард Лоренцтің арқасында «Көбелек эффектісі» термині пайда болды.

Қарапайым тілмен «көбелек эффектісі» ұғымы кез келген болмашы әрекет болашақта немесе басқа жерде бүкіл жүйе үшін және оның жекелеген қатысушылары үшін елеулі салдарлар туындатуы мүмкін деп түсіндіріледі.

«Көбелек эффектісінің» мысалы ғылыми фантастикада немесе уақытпен саяхат жасауға байланысты киноларда көп кездеседі. Мәселен, «Көбелек эффектісі» фильмдерін, «Дежа вю», «Ешкім мырза», «Уақытпен саяхаттаушының әйелі», «Бенджамин Баттонның жұмбақ өмірі» және «Радиотолқын» киноларын көрсеңіз, бұл тақырыпты жақсы түсінетін боласыз.

Күнделікті өмірден мысал келтірейік, сіз осы мақаланы оқып болған соң «Көбелек эффектісі» фильмін көрдіңіз делік. Кинодағы балмұздақ жеп отырған баланы көріп, тәбетіңіз ашылып, сіз де дүкенге барып балмұздақ жейсіз. Осының салдарынан келесі күні тамағыңыз ауырып қалып, емханаға бардыңыз. Ал емханада сіз кездейсоқ бір қызбен (жігітпен) таныстыңыз. Нөмір алмасып, араласып, бір-біріңізге ғашық болып, ақыр аяғында отау құрдыңыз делік. Енді ойлап қараңыз, егер сіз осы сайттағы дәл осы материалды оқымағанда, фильмді көрмесеңіз, балмұздақ жемесеңіз ауырмайтын едіңіз. Ал сырқатыңыз жоқ болса емханаға барып, қазір үйленіп жатқан қызыңызбен таныспайтын едіңіз. Демек күнделікті өмірдегі болмашы бір әрекеттің салдары өміріңізді өзгертіп тұр.

Әрине, барлығын алдын ала нақты болжау мүмкін емес. Бірақ қандай іс жасасаңыз да, салдарын ойлағаныңыз жөн. Жоғарыда келтірген мысалда болмашы бір әрекетіңіздің жағымды салдары ғана көрсетіліп тұр. Ал шынайы өмірде барлығы олай жақсы нотада аяқтала бермейді. Сондықтан кез келген шешімді қабылдарда жақсылып ойланыңыз.